Ақмола облысындағы қарттар үйінде тағы бір тұрғын вирустан қайтыс болды
Ақмола облысында коронавирус жұқтырған 1936 жылғы адам қайтыс болды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Марқұм - Ақмола облысы Целиноград ауданы Аққайың ауылындағы "Шапағат" қарттар үйінің тұрғыны. Ол 5 сәуірден бастап Көкшетау қаласы теміржол ауруханасының провизор станционарда карантинде болған. 9 сәуірде Ақмола облысы туберкулезге қарсы диспансерге жатқызылып, жасанды демалу аппаратына қосылған. Оған пневмония диагнозы қойылған. Марқұм бұрын артериальды гипертензия, өкпе және жүрек ауруымен есепте тұрған.
"Шапағат" қарттар үйінде 2 сәуірде 73 жастағы ер адам, 6 сәуірде 91 жастағы әйел адам қайтыс болған.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 13 сәуір 14:30-дағы мәліметі бойынша, елде тағы алты адамнан коронавирус табылды: төртеуі Нұр-Сұлтанда, ал ШҚО мен СҚО-да бір-бір адам.
Қазір елде 979 адамға жұқты. 12 адам қайтыс болды. 110 науқас дерттен айықты.
Қазақстанда 211 медқызметкерге вирус жұқты
Қазақстанда коронавирус жұқтырған 979 адамның 211-і – медицина қызметкері. 74 медқызметкерге вирус COVID-19 дертіне шалдыққандарды емдеу кезінде жұққан. Ал қалғандары – коронавирус жұқтырғандарды емдеу шарасына тартылмаған ауруханалар мен медицина орталығының қызметкері. Бұл туралы 13 сәуірде Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитетінің жетекшісі Людмила Бүйрабекова мәлімдеді.
“Коронавирус жұқтырғандарды емдеу шарасына атсалыспаған ауруханаларда жұмыс істейтін медициналық қызметкерлердің COVID-19 дертіне шалдығу фактісі көп екенін айта кеткен жөн. Бұл дәрігерлер басқа пациенттерге де вирус жұқтыруы мүмкін. Мәселен, Нұр-Сұлтанда COVID-19 дертіне шалдыққандарды емдеу шарасына тартылмаған Кардиология ғылыми ұлттық орталығының сегіз, Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығының 16, Мейірім медицина орталығының жеті қызметкеріне вирус жұққан” деді Бүйрабекова.
Вирус жұқтырған дәрігерлердің басым бөлігі – Алматы, Нұр-Сұлтан, СҚО және Атырау облысында. Министрлік өкілінің сөзінше, 13 аймақтағы дәрігерлерден вирус табылған.
Алматыда кейінгі екі күнде вирус жұқтырған 27 адамның бәрі – медицина қызметкері. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, олар 1000 қызметкері бар қаладағы ең ірі орталық клиникалық ауруханада жұмыс істеген. Вирус жұқтырған медқызметкерлермен байланыста болған 316 адам оқшауланған. Алматыдағы жағдай бойынша эпидемиологиялық тергеу басталғаны хабарланды.
Қазір елде 979 адамға жұқты. 110 науқас дерттен айықты. Министрліктің дерегінше, 21 адамның жағдайы ауыр. 12 адам қайтыс болды. 13 сәуірде Ақмола облысындағы қарттар үйінде коронавирус жұқтырған бір адам, ШҚО бір адам көз жұмған.
Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы кейбір бизнес орындары 20 сәуірден бастап жұмысқа кіріседі
20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда бірқатар бизнес пен кәсіпорындардың жұмысы қайта жалғасады. Бұл туралы 13 сәуірде Қазақстан президенті жанынан құрылған төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету мемлекеттік комиссиясының отырысында белгілі болды. Мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы жұмысын қалпына келтіретін кәсіп түрлерінің нақты тізімін 15 сәуірде бекітеді.
Алғашқылардың бірі болып жұмысын бастайтын кәсіпкерлер санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтауы тиіс.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың сөзінше, екі қалада "эпидемия жағдайына байланысты" кәсіпорындардың жұмыс процесінде айырмашылық болуы мүмкін, алғашқылардың бірі болып вирус жұғу қаупі аз кәсіпорындар жұмысын бастайды.
"Мемлекеттік комиссия отырысында Нұр-Сұлтан әкімдігі өнеркәсіптік, индустрия саласындағы кәсіпорындардың, құрылыс саласындағы орындардың, асфальт-бетон зауыттарының, екінші деңгейлі банктердің, киім жуатын орындардың, шиномонтаж бен көлік жуу орындарының, техника жөндеу орындарының жұмысына рұқсат беруді, тамақ дайындайтын орындардан тамақ жеткізу уақытын кешкі онға дейін ұзартуды ұсынды. Шамамен Нұр-Сұлтанда 100 мыңдай адам жұмысқа оралады. Алматы қаласы өнеркәсіп саласындағы орындар, қоймалар, құрылыс жұмыстары және банк жұмысы, шиномонтаж бен көлік жуу орындары, техника жөндеу орындары толық жұмыс күніне көшеді. Алматы қаласында 128 мың адам жұмысын жалғастырады" деді Абаев брифингте.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты сәуірдің ортасына дейін төтенше жағдай жарияланған. Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин жарияланып, қаладағы азық-түлік дүкендері мен дәріханадан басқа орындардың барлығы жұмысын тоқтатқан. 10 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір шағын және орта кәсіп жұмысына қайта оралатынын мәлімдеп, “тәуекелге барамыз, басқа амалымыз жоқ” деген.
Қазір елде 979 адамға жұқты. 110 науқас дерттен айықты. Министрліктің дерегінше, 21 адамның жағдайы ауыр. 12 адам қайтыс болды.
Қазақстанда 28 адам дерттен айықты
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елде тағы 28 адамның коронавирус індетінен жазылғанын хабарлады. Олардың басым бөлігі Нұр-Сұлтанда - 20 адам. Төртеуі Ақмола облысында, үшеуі Алматы облысында, біреуі Алматы қаласында. Осылайша, елде 138 адам COVID-19 дертінен айықты. Елде 979 адамнан вирус табылды. 12 адам қайтыс болды.
Аурудан жазылғандар мына аймақтарда:
- Нұр-Сұлтан қаласы – 63,
- Алматы қаласы – 50,
- Атырау облысы – 5,
- Алматы облысы – 4,
- Ақмола облысында – 4,
- Жамбыл облысы – 3,
- Шымкент қаласы – 2,
- Ақтөбе облысы – 1,
- Батыс Қазақстан облысы – 1,
- Қарағанды облысы – 1,
- Қызылорда облысы – 1,
- Маңғыстау облысы – 1,
- Павлодар облысы – 1,
- Солтүстік Қазақстан облысы – 1.