Ақтөбеде фельдшерлер шағымынан соң басқарма бір реттік үстемақы төлеуге уәде берді
Ақтөбеде "төтенше жағдай кезінде қосымша ақы алмадық" деп шағымданған жедел жәрдем фельдшерлердің наразылығынан соң оларға 100 мың теңгеден бір реттік үстемақы берілетін болды.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің сөзіне қарағанда, 12 сәуірде ол облыстық бекетке наразы қызметкерлерді жинап, үстемақының жай-жапсарын түсіндірген.
- Жедел жәрдемде коронавируспен күрес үшін арнайы жасақталған 24 бригада бар. КВИ (коронавирус инфекциясын емдеу) бригадаларға наурыз айы үшін жүктемелеріне қарай үстемақы төленді. Оларды республика бюджеті қаржыландырып отыр. Төтенше жағдай режимінде жұмыс істеген өзге де мамандардың еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан жедел жәрдемнің кви бригадасы құрамына енбеген қызметкерлеріне облыс бюджетінен 100 мың теңгеден бір реттік үстемақы төлеу туралы шешім қабылданды, - дейді Әсет Қалиев.
Облыстық жедел жәрдем бекетіндегі үстемақыға қатысты жиынға үш ауысымнан 50-ден астам адам қатысқан. Азаттық тілшісі «карантин аймағы» деп жарияланған ғимаратқа кіре алмады. Жиналыстан шыққан фельдшерлер (аты-жөндерін атамауды өтінді) жиналыстың ұзаққа созылғанын, облыстық басқарма басшысы бір апта көлемінде үстемақы төлеуге уәде еткенін айтты.
Республика бюджеті қаржыландырып отырған кви бригадаларға Ақтөбе облысы бойынша жедел жәрдемнің 120 қызметкері енген. Ақтөбе облыстық жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері Марат Жанқұлов вируспен күреске ең үздік мамандар іріктелгенін айтады.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, коронавируспен күреске жалпы саны 854 медицина қызметкері тартылған. Қауіп деңгейіне байланысты үш категорияға бөлінген медицина мамандарына наурыз айы үшін 117 млн теңге үстемақы төленген.
Мемкомиссия ТЖ кезінде жұмысқа оралатын кәсіпорындар тізімін қарастырады
Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия 13 сәуірде астанада карантин кезінде жұмыс істеуіне рұқсат берілетін кәсіпорындардың тізімін қарастырады деп хабарлады Нұр-Сұлтан әкімдігі.
"Жиналыста жұмысқа оралуына рұқсат берілетін кәсіпорындар тізімі қаралады. Кәсіпорындардың жұмысы бірте-бірте қалпына келеді. Бұл нысандар санитарлық-эпидемиологиялық режимді қатаң сақтауы тиіс болады" делінген хабарламада.
Дегенмен әкімдік өкілдері Нұр-Сұлтанда карантин режимі күшінде қалатынын ескерткен. Мұнда наурыз айының аяғынан бері қоғамдық көлік тоқтаған.
Нұр-Сұлтан - коронавирус жұқтырғандар саны жағынан республика бойынша бірінші орында тұр. Мұнда 238 адамнан коронавирус табылған. 37 адам айыққан. Бір адам қайтыс болған.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 14 адамға көбейді
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 12 сәуір кешкі сағат 18:20-да 14 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласында - 11, Павлодар облысында - 1, Қызылорда облысында 1, Алматы облысында - 1 адамға вирус жұққан.
Қазақстанда жалпы науқастар 911 адамға жетті:
- Нұр-Сұлтан қаласы – 249
- Алматы қаласы – 145
- Қызылорда облысы – 117
- Ақмола облысы – 71
- Қарағанды облысы – 65
- Түркістан облысы – 36
- Солтүстік Қазақстан облысы – 25
- Ақтөбе облысы – 11
- Алматы облысы – 12
- Атырау облысы – 45
- Шығыс Қазақстан облысы – 6
- Жамбыл облысы – 46
- Шымкент қаласы – 38
- Батыс Қазақстан облысы – 8
- Қостанай облысы – 3
- Маңғыстау облысы – 10
- Павлодар облысы – 10
10 науқас қайтыс болған. Барлығы 81 адам айыққан.
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон ауруханадан шықты
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон ауруханадан шықты деп хабарлады BBC сайты.
5 сәуірде "коронавирус инфекциясы белгілері байқалған" 55 жастағы Борис Джонсон Әулие Фома ауруханасына жатқызылған болатын. Екі күннен кейін премьер-министрдің денсаулығы нашарлап, реанимация бөліміне ауыстырылған. Ол онда бірнеше күн жатты. Денсаулығы жақсарғаннан кейін Джонсон бейсенбі күні реанимациядан шығарылған.
"Дәрігерлер тобының кеңесіне сәйкес, премьер-министр жұмысқа бірден оралмайды. Ол Әулие Фома ауруханасындағы әрбір қызметкерге керемет көмек көрсеткені үшін алғыс айтады" делінген Даунинг стрит мәлімдемесінде.