Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

14:11 11.4.2020

Қазақстанда 4 адам коронавирустан жазылып шықты

Бұл ақпаратты 11 сәуірде түстен кейін coronavirus2020.kz сайты хабарлады. Нұр-Сұлтанда - 3, Қарағанды облысында 1 адам жазылған.

Барлығы 68 адам жазылған. Нұр-Сұлтанда - 34, Алматыда - 28, Павлодар облысында - 1, Солтүстік Қазақстан облысында - 1, Алматы облысында - 1, Жамбыл облысында -1, Ақтөбе облысында - 1, Қарағанды облысында - 1 адам жазылған. 10 адам қайтыс болған.

10 сәуірде денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда коронавирус жұққандардың шамамен 80 пайызының жағдайы жақсы екенін хабарлаған.

15:17 11.4.2020

Қазақстанда 16 адам коронавирустан жазылды

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

11 сәуірде денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда 16 адамның жазылып шыққанын хабарлады. Нұр-Сұлтанда - 3, Қарағанды облысында - 1, Алматыда - 9, Жамбыл облысында - 2, Шымкентте 2 адам айыққан.

Жалпы республика бойынша 79 адам жазылған:

  • Нұр-Сұлтанда - 34
  • Алматыда - 37
  • Павлодар облысында - 1
  • Солтүстік Қазақстан облысында - 1
  • Алматы облысында - 1
  • Жамбыл облысында -3
  • Ақтөбе облысында - 1
  • Қарағанды облысында - 1
  • Шымкентте - 2 адам.

Барлығы 859 адамнан коронавирус табылған. Эпидемия басталған уақыттан бері 10 адам қайтыс болған.

10 сәуірде кешке қарай денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда коронавирус жұққандардың шамамен 80 пайызының жағдайы жақсы екенін хабарлаған. 17 адамның жағдайы - ауыр, 107-інікі - орташа ауыр. Министрліктің айтуынша, кейбір аймақта эпидемияның жылдам таралуы байқалады.

Жұма күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемияның шарықтау шегі алда екенін айтып, төтенше жағдай режимін 30 сәуірге дейін созған. Төтенше жағдай жөніндегі комиссия өкілдері дегенмен кейбір кәсіпорындардың жұмысқа оралатынын хабарлаған.

16:38 11.4.2020

Алматыда "карантин ережесін бұзды" деп айыпталған белсенді Асхат Жексебаев қамалды

Алматы қаласы әкімдігінің алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұрған белсенді Асхат Жексебаев. 14 ақпан 2020 жыл.
Алматы қаласы әкімдігінің алдында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұрған белсенді Асхат Жексебаев. 14 ақпан 2020 жыл.

Тіркелмеген "Көше" партиясының мүшесі, белсенді Асхат Жексебаев "карантин ережесін бұзды" деп айыпталып, төрт күнге қамалды. Бұл туралы Vlast сайты жазды. Facebook-та жарияланған видеода алматылық белсенді жұма, 10 сәуірде ет алу үшін Магнумға барғанын, полицейлердің сол үшін оны ұстап, бөлімшеге апарғанын айтады.

Алматы қалалық полиция департаменті белсендінің Әкімшілік кодекстің 476-бабы бойынша ("карантин ережесін бұзу") әкімшілік жазаға тартылып, арнайы қабылдау мекемесінде отырғанын айтқан.

Ал Асхат Жексебаев полицейлердің ұстауын өзінің белсенділігімен байланыстырады. Бірнеше күн бұрын белсенді жергілікті шенеуніктердің бірінен қаладағы көлік кептелісіне байланысты сұхбат алуға тырысқаннан кейін полиция бөлімшесіне шақырылған.

Бұған дейін әлеуметтік желіде бірқатар белсенділердің, олардың арасында Асхат Жексебаев та бар, онлайн наразылық жасап, төтенше жағдай кезінде берілетін әлеуметтік көмекті кешіктірмей және күрделендірмей беруді талап еткен.

Асхат Жексебаев өткен жылдан бері саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, жалғыз адамдық пикеттер өткізген. Осыған дейін бірнеше рет қамалып, әкімшілік жазаға тартылған.

21:06 11.4.2020

Жамбыл облысында инфекционист дәрігер шағымынан соң аурухана басшылығы қызметінен кетті

Коронавирус жұқтырған дәрігер Толқынай Ордабаева (Сурет жеке мұрағатынан алынды).
Коронавирус жұқтырған дәрігер Толқынай Ордабаева (Сурет жеке мұрағатынан алынды).

Жамбыл облысында инфекционист дәрігер шағымынан соң аурухана басшылығы қызметінен кетті. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Комиссия [Меркі] аудандық ауруханасы жұмысының, оның ішінде дәрігерлер Т.Ордабаева мен Қ.Төреқұлдың өтініштерінде көрсетілген фактілерді тексерді. Көптеген мәліметтер расталды. Ұжымда жағымсыз моральдық-психологиялық жағдай қалыптасқан. Оған бірінші кезекте емдеу мекемесі басшылығының кәсіби міндеттеріне жауапсыз қарағаны себеп болған. Сол себепті аурухананың бас дәрігері міндетін атқарушы, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары және бас есепші қызметінен босатылды" деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев.

Бұған дейін Жамбыл облысы Меркі аудандық емханасында коронавирус жұқтырған дәрігер Толқынай Ордабаева ауруханадағы жағдайға шағымданған болатын. Дәрігердің айтуынша, ауруханада маска мен қорғаныш киім жетпейді. Дәрігерлердің қауіпсіз жұмыс істеуіне жағдай жасалмаған.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырған дәрігердің бастан кешкендері

Облыс әкімдігі өкілдері 11 сәуірде аудандық ауруханада жиналыс өткізіп, медициналық қызметкерлердің құқығын қорғау, оларды қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән берілетінін айтқан. Ұжымға жаңа бас дәрігер Райқұл Нұржановты таныстырған. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев аурухана жағдайына шағымданған дәрігерлер Ордабаева мен Төреқұл заңсыз әрекеттерден қорықпаса да болады деп айтқан.

Соңғы мәлімет бойынша, Жамбыл облысында 46 адамнан коронавирус табылған. Қазақстанда барлығы 120-дан астам дәрігерге вирус жұққан.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлердің жалақысына 250-850 мың теңге аралығында үстеме ақы қосылатынын, кәсіби міндетін атқару кезінде коронавирус жұққан дәрігерлерге 2 млн теңге көлемінде сақтандыру төлемі берілетінін айтқан.

Тағы

XS
SM
MD
LG